
Алматылықтар Фурманов пен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназиясының сүрілуіне қарсы шықты, деп хабарлайды qandastar.kz
Қала тұрғындары сәулет мұраларының бейберекет жойылып жатқанына наразылық білдірді.
Әлеуметтік желіде “Сәулет мұрамызды «прогресс» деп жойсақ, еш мән қалмайды. №56 мектебімді қиратып жатыр, орнына әйнектен салынған «қорап» тұрғызылмақ”, – деген жазбалар тарады.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бірі бұл ғимаратты кеңестік мұра деп сүрілуін құптаса, енді бірі тарихи сәулетті сақтап қалу қажеттігін айтты.
Алматы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. “Мектепте тек сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың тарихи қасбеті сақталады”, – деді құрылыс басқармасы.
Жоба аясында заманауи оқу кеңістіктері, зертханалар, спорт кешені, ашық алаңдар мен демалыс аймақтары қарастырылған. Құрылыс 2026 жылдың сәуірінде аяқталады деп жоспарлануда.



