Жаңалықтар

Экологтар дабыл қақты: Өскеменнің ауасында күкіртті ангидрид мөлшері үш есеге көбейген

Өскеменде соңғы аптада ауа сапасы нашарлап, қолайсыз метеожағдай ұзақ уақыт бойы сақталып отыр, деп жазады qandastar.kz

26 қазанда «Қазгидромет» станциялары қала ауасындағы зиянды заттардың мөлшері шекті нормадан асып кеткенін тіркеген.

Соңғы күндері тұрғындар тамақтың ашуы, бас ауруы, жөтел және улану белгілеріне шағымдануда. Осыған байланысты мектеп оқушылары демалысқа дейін онлайн форматқа ауыстырылды. Мәселе бойынша өткен брифингке экологтар, қоғам белсенділері мен жергілікті билік өкілдері, соның ішінде қала әкімі Алмат Ақышев қатысты.

— Расында да, қалада күкіртті ангидрид пен күкіртсутек деңгейі нормадан жоғары. Барлық ірі нысандар тексерілді, бірақ айтарлықтай заңбұзушылық табылған жоқ. Мұның басты себебі — ауа райының тынық болуы және күн мен түн арасындағы температура айырмасының үлкендігі. Соның кесірінен зиянды заттар ауада жиналып қалады. Негізгі бақылау жұмыстары жылу электр орталығында және «Казцинк» кәсіпорнында жүргізілді, -деді экология департаментінің басшысы Асет Сүлейменов.

Қала тұрғындарының шағымынан кейін ірі кәсіпорындар шығарындыларды азайтқанын хабарлады.
«Казцинк» компаниясы металлургиялық кешеннің қуаты уақытша 20 пайызға, ал Цинк зауытының өндірісі жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға байланысты 50 пайызға төмендетілгенін мәлімдеді. Алайда тұрғындардың айтуынша, бұл өзгеріс ауа сапасына айтарлықтай әсер етпеген, әлеуметтік желілерде түтін будақтаған мұржалардың бейнелері әлі де тарауда.

Бас экологтың сөзінше, Өскеменнің ауасын ластайтын негізгі фактор — көліктердің көбеюі мен жеке сектордағы пешпен жылыту жүйесі.

— Қазір тұрғын үйлерден шыққан түтін тікелей адамдар тыныстайтын биіктікте тарайды. Қалада шамамен 36 мың түтін мұржасы бар. Бұрын жыл сайын 120 мың тонна көмір жағылса, бүгінде бұл көлем 250 мың тоннаға дейін артқан, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Өскеменде 132 мыңнан астам автокөлік тіркелген. 2000-жылдардың басында олардың саны небәрі 43 мың болған.

Мамандар ластану көздерін анықтауға тырысқанымен, тұрғындар ауа әлі де ауыр екенін айтады.

Айта кетейік, 22 қазан күні таңертең қаланы қою «тұман» басқан болатын. Кейін белгілі болғандай, бұл табиғи құбылыс емес — ауадағы күкіртті ангидрид деңгейі қалыпты мөлшерден үш есеге артқан.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button