
Әлеуметтік желілерде моңғолиялық азаматтардың Ұлытау облысындағы Жошы хан кесенесі маңында ғұрыптық рәсім өткізген сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлады qandastar.kz
Бейнежазбада ұлттық моңғол киімін киген ер адамның кесенені айналып өтіп, бидай шашып жүргені байқалады. Айтуларынша, бұл – молшылық пен ата-бабалар рухына құрмет көрсетуге арналған дәстүр. Рәсімге қатысушылар мұны «ұрпақ көп болсын» деген ниетпен жасағанын жеткізген.
Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі бұл әрекетке наразы пікір білдіріп, Жошы ханның моңғол халқына қатысы жоқ екенін алға тартты.
Пікірлердің бірінде «Шыңғыстың моңғолға еш қатысы жоқ, орыстардың саясаты солай көрсеткен», – десе, енді бірі «Жошы – қазақтың ханы, моңғол емес», – деп жазған.
Кей қолданушылар моңғол туристеріне кесене маңында «жергілікті дәстүрге сай әрекет ету қажет» екенін ескерткен жөн екенін атап өтті.

