51 жастағы Зәуре Мұхамадиева Халықаралық Universe Beauty сұлулық байқауына Ұлыбританияның атынан қатыспақ, деп хабарлады qandastar.kz. Ол бұл жетістігін әйелдің ішкі күші мен төзімділігінің, өз-өзіне сенімнің символы деп біледі.
“Мен бұл тәжді бойым тік ұстап, Ұлыбританияны таныстырамын. Бірақ түбім қазақ екеніне әрдайым мақтанамын”, – дейді Зәуре.
Ол сұлулық ұғымы тек сырт келбетпен шектелмейтінін, бастысы – жан сұлулығы, мейірім мен адалдық екенін атап өтті.
Зәуре Мұхамадиева – Қазақстанда туған, үш жоғары білімі мен магистр дәрежесі бар, мұнай-газ саласында 20 жылдан астам еңбек еткен маман. Бір қызы бар. Соңғы жылдары Ұлыбританияда тұрып келеді.
“Көші-қон қиындықтарынан өтіп, жаңа мәдениетке бейімделіп, кәсіби тұрғыда өстім. Өз тамырымды ұмытпай, Ұлыбританияны таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе”, – дейді ол.
Зәуре өзінің платформасы арқылы әлем әйелдерін өзіне сенуге, жаңа өмір бастауға қорықпауға шақырады.
Universe Beauty байқауының финалы 2026 жылы өтеді. Оған 50-ден астам елдің өкілдері қатыспақ.



