Қандастарға қолдау

«Елімнің көшесін сыпыруды армандадым»: Қытайдан келген қандас Президент медалін алды

Республика күніне орай қарапайым еңбек адамы – көше тазалаушы Базарбай Әбілқазының еңбегі ел назарын аударды, деп хабарлайды qandastar.kz

Базарбай Әбілқазы – Қытайдан атамекенге қоныс аударып, соңғы жиырма жылдан бері «Алматы Тазалық» мекемесінде жұмыс істеп келе жатқан азамат. Республика күні қарсаңында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оған Президент жарлығымен берілген «Ерең еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Марапат сәтінде ол толқып тұрып, өзінің өмірлік арманы мен елге деген сүйіспеншілігін бөлісті:

«Қытайда туып-өстім. Қазақстан тәуелсіз ел атанғанда, жүрегімде бір тілек болды – осы елге келіп, ең болмаса бір көшесін сыпырып, еңбегім сіңсе деп армандадым. Сол арманмен келіп, ‘Алматы Тазалыққа’ жұмысқа орналастым. Еңбегімді бағалаған Президентімізге алғыс айтамын», – деді ол.

Оның шынайы сөзі мен адал еңбегіне тәнті болған жұрт әлеуметтік желіде жылы пікірлерін қалдырды.
«Жүрегі таза адам екен», «Нағыз марапат иесі», «Көзіме жас келді», «Ниеті ақ, еңбегі адал», – деп жазды қолданушылар.

Халықтың ықыласына бөленген Базарбай Әбілқазының оқиғасы – еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын тағы бір дәлелдеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button