qandastar.kz — Ресейлік «Лукойл» компаниясының АҚШ санкцияларынан кейін Қазақстандағы қызметін шектеуі елдің мұнай-газ саласындағы инвестициялық жүйесіне сын көзбен қарауға себеп болды. Егер компания «Қаламқас–Хазар» жобасындағы 50 пайыз үлесінен айырылса, бұл жағдай инвестор таңдау тетіктерін түбегейлі қайта қарауға түрткі болмақ, дейді Energy Monitor арнасының авторы, мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.
Қазіргі жүйенің әлсіз тұстары
Қазақстанда ұлттық компаниялардың – әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен QazaqGaz-дың – кез келген жобада серіктес таңдауда басым құқығы бар. Бұл оларға инвесторды ашық тендерсіз, өз бетінше шақыруға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, дәл осы тәсіл кезінде «Лукойл» «Қаламқас–Хазар» жобасына ашық конкурссыз кіре алған. Мұндай тәжірибе ашықтық пен әділ бәсекеге нұқсан келтіреді.
«Қолданыстағы механизм жабық сипатта. Ұлттық компаниялар перспективалы кен орнын өздеріне бекітіп алып, инвесторды жабық есік жағдайында таңдайды. Мысалы, ‘Қаламқас–Хазарға’ италиялық Eni мен қытайлық компания қызығушылық танытқанымен, таңдау еш тендерсіз-ақ Лукойлға берілді», – дейді Жұмағұлов.
Оның айтуынша, Shell компаниясы осы жобаға 900 млн доллар салғанымен, лайықты келісімшарт пен теңіз платформасын таңдауға мүмкіндік алмаған.
Жүйені жаңарту ұсынысы
Жұмағұловтың пікірінше, қазіргі модель нарық талаптарына сай емес. Ол ұлттық компаниялардың басым құқығын шектеп, оларды ашық IPO арқылы нарықтық қатынасқа енгізуді ұсынады.
«ҚазМұнайГаздың 5 пайыздық символикалық акциясын шығару жеткіліксіз. Бұл тек имитация. Ұлттық компанияларды толыққанды IPO-ға шығарып, мемлекетті инвестор ретіндегі пассивті қатысушыға айналдыру қажет. Норвегия үлгісіндей, Ұлттық қор қаражатын инвестиция ретінде бағыттайтын тәсілді енгізу тиімді болар еді», – дейді сарапшы.
Мұндай жүйе корпоративтік бақылауды күшейтіп, компания қаражатының саяси немесе әлеуметтік жобаларға жұмсалуына жол бермейді. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» Президент тапсырмасымен Оралда 16 млрд теңгеге спорт кешені салған. Егер компания толық нарықтық болса, акционерлер бұған рұқсат етпес еді.
Жаңа мүмкіндік – ашық нарық
Сарапшының айтуынша, «Лукойл» жобадан шыққан жағдайда, бос орынға басқа инвесторларды тартуға мүмкіндік туады. Бұл ретте Үкімет пен Мәжіліс инвестор іріктеу жүйесін реформалау бойынша нақты ұсынысты талқылауға дайын болуы тиіс.
Бұрын Үкімет Ұлттық қор есебінен «Қазатомпромның» акцияларын сатып алған тәжірибесі бар. Осындай тетік арқылы мемлекет жобаларға тікелей, бірақ ашық қатысу үлгісін қалыптастыра алады.



