Екібастұздағы жеке дамыту орталығында сабақ кезінде қыз бала қолынан жарақат алып, дәрігерлер оған гипс салды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада инструктордың баланы қолынан қатты тартып, жаттығу жасауға мәжбүрлегені анық көрінеді. Қыз жылап жіберіп, кейін қолын қимылдата алмай қалған.
Зардап шеккен баланың анасының құрбысының айтуынша, қыздың дамуында кідіріс бар, сондықтан ол өз жағдайын түсіндіріп айта алмайды.
«Бала соңғы уақытта қатты жылағыш, қорқақ болып кетті. Мұндай жағдай сабақтарда жиі қайталануы мүмкін. Инструктор да, орталық басшылығы да әлі кешірім сұраған жоқ», — дейді әйел.
Оқиғадан кейін ата-аналар дәрігерге және полицияға жүгінген. Қазір бұл факті бойынша кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде орындамау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өңірлік балалар омбудсмені Сәуле Шәкенованың айтуынша, жағдай қалалық әкімдіктің бақылауында, ал қыз балаға психологиялық көмек көрсетіледі.



