Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Қоғам дағдарыс шегінде»: Депутат бір күнде 200 азаматтың мәселесін тыңдағанын айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Республика күніне орай қоғамдық қабылдау өткізіп, оны өз қызметіндегі ең ауыр күндердің бірі болғанын айтты. Бір күннің ішінде оған 200-ден астам азамат жүгінген, әрқайсысының шағымы бар, деп жазды qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, ресми түрде 170 адам тіркелсе, тағы шамамен 30-дай адам алдын ала жазылмай келген, олардың арасында көпбалалы аналар да болған. Барлық азаматтар мерекелік күнге қарамастан Астанадағы Мәжіліс қабылдау бөлмесіне келген. Уақыттың шектеулі болуына байланысты әр адамға небәрі үш минуттан бөлуге ғана мүмкіндік болған.

«Бір күнде 200 адамды қабылдау керек болды. Егер нақты есептесек, бұл шамамен 4-5 сағаттық жұмыс. Әр адамға үш минуттан артық бөле алмадық», – деді Бақытжан Базарбек.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің арасында банк несиесіне байланысты алаяқтықтан зардап шеккендер, сот шешімдеріне наразылар, көпбалалы аналар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, аяқталмаған тұрғын үй кешендерінің инвесторлары, жерінен немесе баспанасынан айырылған тұрғындар болған.

Азаматтар Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл және басқа да облыстардан келген. Көпшілігі аймақтарда әділдік таба алмаған соң тікелей Мәжіліске жүгінуге мәжбүр болған.

«Егер адам жоғарғы органдарға дейін келсе, бұл – өңірде әділдік таппағанының белгісі. Ал егер өңірлерден жүздеген, мыңдаған шағым түссе – бұл барлық әкімдер үшін дабыл белгісі. Еліміздің ешбір аймағы мұндай мәселелерден тыс емес», – деп атап өтті депутат.

Өтініштердің ішінде құрылыс компанияларымен даулар, жер телімдері төңірегіндегі жанжалдар, рейдерлік басып алуларға шағымдар, тұрғын үй мәселелері мен азаматтар әділетсіз деп санаған сот шешімдері де бар.

Бақытжан Базарбек елордадағы проблемалы тұрғын үй кешендерін комиссиямен аралап шығуға, жер қатынастарына қатысты күмәнді істерді Бас прокуратура қарауына шығаруға және Жоғарғы сот пен өзге де органдармен ашық диалог орнатуға уәде берді.

Қабылдау барысында кейбір азаматтар депутатты әрекетсіздікке айыптап, дау шығарып, дереу шешім талап еткен.

«Кейбіреулер айқайлап, тіл тигізді, мемлекеттегі барлық кінәні маған артты. Бұл әділетсіз. Бірақ соған қарамастан, біз халық үшін жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», – деді ол.

Депутат банк алаяқтығынан зардап шеккен азаматтармен және басқа да әлеуметтік топтармен кездесу мен кеңесті жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ ол Бас прокуратураны, Жоғарғы сот пен Үкіметті халықтың өтініштеріне ашық әрі жауапты болуға шақырды.

«Қоғамдағы жағдай өте күрделі. Адамдар әлеуметтік дағдарыс шегінде тұр», – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.

Күн соңында ол Республика күніне арналған ресми іс-шараларға қатысқанымен, кездесудің ауыр эмоционалды әсерінен кейін өзін нашар сезініп, қан қысымының көтерілгенін және «ойдың салмағынан» қатты шаршағанын жасырмады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button