Қазақстанда қытайлық автомобиль иелеріне АИ-95 маркалы бензинді міндетті түрде пайдалану талабы енгізілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам көлік кепілдігін сақтау үшін қажет болуы ықтимал, деп хабарлады qandastar.kz.
Автонарықты талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның сөзінше, кейбір қытай брендтерінің дилерлері жақын арада көліктерге тек АИ-95 бензинін құюды ұсынбақ. Бұрын мұндай көліктерге АИ-92 қолдануға рұқсат берілетін. Егер жаңа талап күшіне енсе, елде жоғары октанды жанармай тапшылығы туындауы мүмкін.
Мискарянның пікірінше, қазір Қазақстанда экологиялық талаптарға сай К5 санатындағы сапалы бензин өндіру мен тарату жүйесі толық жолға қойылмаған. Мұндай отынды негізінен Алматыдағы бірнеше ғана бекеттен табуға болады.
Сондай-ақ ол көліктердің қаладағы ұзақ кептелістерде жиі жүруін ескеріп, техникалық қызмет көрсетуді әр 5–7 мың шақырым сайын жасауға кеңес берді.
Энергетика министрлігінің дерегінше, соңғы жылдары елде қытайлық көліктердің көбеюі АИ-95 маркалы бензинге деген сұраныстың артуына тікелей әсер еткен.



