ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 1 қазанындағы салық қарыздары бар ірі компаниялардың тізімін жариялады. Топ-10 қатарына танымал кәсіпкер- Рашит Сәрсенов, Сайдулла Қожабаев және Назарбаевтар отбасы иелік ететін ұйымдар кірді, деп жазады qandastar.kz
Ең көп қарыз – “Ai-To Progress” ЖШС
Бірінші орында алматылық “Ai-To Progress” компаниясы тұр. Оның мемлекет алдындағы қарызы – 110,1 млрд теңге. Компанияның құрылтайшысы және басшысы – Даурен Молдағалиев.
“Tex Alliance” – 95,9 млрд теңге
Екінші орында Талғар қаласында тіркелген “Tex Alliance” ЖШС. Оның қарызы 95,9 млрд теңге, соның ішінде 17,4 млрд теңге – негізгі берешек. Компанияның иесі – Азат Джанзаков. Екі кәсіпорын да көтерме саудамен айналысады және 2022 жылы Бас прокуратура оларды контрабандалық істерге қатысы бар ұйымдардың тізіміне енгізген болатын.
“Alpha-bet” және “Group of the companies TDA”
Үшінші орында – “Alpha-bet” ЖШС (92,4 млрд теңге). Ол құмар ойындарын ұйымдастырумен айналысады. Компанияның жалғыз иесі – Velora Group LTD.
Төртінші орында – “Group of the companies TDA” (90,3 млрд теңге). Бұл компанияның иелері – елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева және Әлі Клышпаев.
2025 жылдың жазында Алматы соты бұл компанияға қатысты Қытайдан тауарды заңсыз әкелу ісі бойынша айыптау үкімін шығарған.
“OLIMP KZ” және “GB Invest”
Бесінші орында букмекерлік компания “OLIMP KZ” (83,7 млрд теңге). Иесі – Анарбек Жауыров.
Алтыншы орында – “GB Invest” (46,2 млрд теңге). Қаскелеңде тіркелген, иесі – Наджиб Файез. Бас прокуратура оны да заңсыз саудамен айналысқан кәсіпорындардың бірі ретінде атаған.
Сәрсенов пен Қожабаевтың компаниялары
Жетінші орында – “Кастинг” ЖШС (18,7 млрд теңге). Компания түсті металдарды құюмен айналысады. Оның иелері – белгілі кәсіпкер Рашит Сәрсенов, Эдуард Креймер және Йонга Белегингсматсаппей. Forbes Kazakhstan мәліметінше, Сәрсенов отбасы елдегі ең бай отбасылардың бірі – олардың байлығы 970 млн доллар деп бағаланған.
Сегізінші орында – “КазГерСтрой” бірлескен кәсіпорны (9,4 млрд теңге). Бұл құрылыс және бетон өндірумен айналысатын компанияның иелері – Айдар Лазаров пен Бауыржан Нұрсұлтан (кей деректерде ол Қайрат Сатыбалдының ұлы деп көрсетіледі). 2022 жылы Бас прокуратура “КазГерСтрой” жол құрылысы кезінде 43 млрд теңгені ұрлады деп хабарлаған болатын.
Тоғызыншы орында – “Aktobe Smart Tech” (5,3 млрд теңге). Бұл деректер орталықтарын пайдалануға беру қызметін көрсететін актөбелік компания. Иелері – AQ Group Holding Limited (БАӘ) және Alageum Electric, соңғысы кәсіпкер Сайдулла Қожабаевқа және Ержан Ильясовқа тиесілі. Forbes мәліметінше, Қожабаевтың байлығы 215 млн доллар шамасында.
2022 жылы бұл компания криптовалюта майнингімен айналысқаны анықталған. Ол үшін газды пайдаланып, өңірде газ тапшылығын туғызған.
Тізімді қорытындылаған компания – “БатысНефтеТрэйд”
Оныншы орында – “БатысНефтеТрэйд” ЖШС (3,7 млрд теңге), оның 1,9 млрд теңгесі – негізгі қарыз. Компания мұнай және газдың көтерме саудасымен айналысады. Иесі – Берік Боранбаев.
Мемлекеттік кірістер комитетінің бұл тізімі – Қазақстандағы ірі бизнес құрылымдарының салық тәртібін сақтамау деңгейін көрсетеді. Бірқатар компаниялардың аты бұған дейін экономикалық және қаржылық тергеулермен байланыстырылған. Сарапшылардың пікірінше, салық берешегін өндіру мен көлеңкелі бизнесті қысқарту елдің қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі болып қала береді.



