Жаңалықтар

ШҚО-да жаңа полиция бастығы қызметке кіріскеніне бір күн өтпей ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында Марқакөл аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы қызметіне кіріскеннен кейін бір күн өтпей ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz. ҰҚК оның пара алу ісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын растады. Тергеу дерегіне сай, шенеунік заңсыз алтын өндіруге көз жұма қараған деген күдік бар.

Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растағанымен, тергеудің нақты жай-жапсары әзірге жария етілмеді.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Марқакөл аудандық полиция бөлімін енді ғана басқаруға кіріскен майор Руслан Сейітқанов пара алу күдігімен қолға түскен. Кей деректерде оның пара ретінде Starlink байланыс жүйесінің құрылғысын да қабылдағаны айтылуда.

Тергеу нұсқасы бойынша, шенеунік заңсыз алтын өндіру ісіне көз жұма қараған болуы мүмкін.

Облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме бермеді. Ал ҰҚК қысқаша ресми хабарлама таратып, істің сотқа дейінгі тергеу сатысында екенін жеткізді.

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге мәліметтер тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды», – делінген комитеттің ресми түсіндірмесінде.

Қазіргі уақытта істі ҰҚК тергеушілері жүргізіп жатыр. Полиция майорына қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны немесе басқа тұлғалардың ұсталғаны жөнінде мәлімет жоқ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button