Астанада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің экс-басшысы Ержан Бабақұмаров қаза тапты, деп хабарлайды qandastar.kz
Полицияның мәліметінше, бұл факті бойынша кісі өлімі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Алдын ала тергеу нәтижесінде бұрыннан таныс екі адамның арасында сөзге келіспеушілік туындап, жанжал төбелеске ұласқаны анықталды. 56 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Ержан Базарбайұлы Бабақұмаров 1969 жылы Талдықорған облысының Қарабулак ауылында дүниеге келген (облыс 1997 жылы таратылған).
1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саяси тарих пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған, ал 1995 жылы сол оқу орнының аспирантурасын бітірген.
Мемлекеттік қызметін 1995 жылы Қазақстанды дамыту институтында ішкі саясат бөлімі меңгерушісі әрі Саяси зерттеулер орталығының директоры ретінде бастаған.
1996 жылы Алматы қаласы әкімінің аппаратының бас маманы болып жұмыс істеді.
1996–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды:
— аға референт,
— кеңесші,
— сектор меңгерушісі,
— ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
Кейінгі жылдары жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды:
- 2004 ж. – Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы;
- 2004–2006 жж. – Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі;
- 2006–2007 жж. – Мәдениет және ақпарат вице-министрі;
- 2007–2008 жж. – Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы;
- 2008–2012 жж. – Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары;
- 2012–2016 жж. – Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры;
- 2016–2018 жж. – Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары;
- 2018–2019 жж. – Президент Әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының меңгерушісі, Президенттің кеңесшісі;
- 2019–2022 жж. – Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
2022 жылы Ержан Бабақұмаров Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарған.
Қазіргі таңда оның қазасына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиға қоғам мен мемлекеттік қызмет өкілдері арасында үлкен резонанс тудырды.



