Жаңалықтар

Салық қызметі ҚҚС шегіне жақындаған кәсіпкерлерді алдын ала бақылап, ескерту жіберетін болды

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің қаржылық айналымын жыл бойы бақылап отыратынын хабарлады, деп жазады qandastar.kz. Енді бизнес субъектілері ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша тіркеу шегіне жақындағанда салық органдарынан арнайы ескерту алады.

Комитеттің ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Азимшайықтың айтуынша, кәсіпкердің айналымы заңда белгіленген шектен асып кетсе, бірақ ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе, бұл салық салынатын табыс болып есептеледі.

«Айналым тіркеу шегінен асқан жағдайда және кәсіпкер ҚҚС есебіне тұрмаған болса, бұл кезең салық салынатын мерзім ретінде қаралады. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», — деді ол.

Салық органдарының мәліметінше, мұндай жағдайлар үшін айыппұл салынады. Сондықтан кәсіпкерлерге ҚҚС бойынша есепке тұру өтінішін алдын ала тапсыру ұсынылады.

«Айыппұл болмас үшін бизнес өкілдері тіркеу рәсімін уақытылы орындауы қажет», — деп атап өтті Азимшайық.

Комитет жыл ішінде кәсіпкерлерге автоматты түрде ескерту хабарламаларын жолдай отырып, заң бұзушылықтың алдын алуды көздеп отыр.

Back to top button