
Шымкент қаласының тұрғыны, 18 жастағы Ролан Анатоли қасиетті Меккеге дейінгі ұзақ сапарға велосипедпен аттанды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Жас саяхатшы өз жолын туған қаласынан бастап, қазірдің өзінде Дағыстан аумағынан өтіп, Бабаюрт – Махачкала бағытын артта қалдырған. Ол шатыр және қажетті туристік жабдықтарымен бірге жолға шыққан.
Жол бойында оған полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың қолдауы көп. «Жолда әр күн сайын маған сәттілік тілеп, көмектесетін адамдар жолығуда», – дейді ол.
Жолды өз бетінше, еңсеруге бел байлаған Ролан сапарға өзімен бірге шатыр ала шыққан. Күн сайынғы бағыты мен әсерлерін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап отыр. Оның айтуынша, сапардың басты мақсаты – рухани шыңдалу және Меккеге өз күшімен жету.
Қазіргі таңда ол Кавказ аймағы арқылы өтіп, алдағы уақытта Әзірбайжан мен Түркия бағытында жол жалғастырмақ.



