Жаңалықтар

Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігін мініп кетіп, жол апатынан қаза тапты

Ақтөбе қаласында 8-сыныпта оқитын жасөспірім әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап шығып, апатқа ұшырады, деп хабарлайды qandastar.kz. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, оқушы көлікті басқара алмай, жол-көлік оқиғасына себеп болған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан ол ауруханада көз жұмды.

Бұл — соңғы екі айда дәл осы ауданда болған екінші қайғылы жағдай. 2 қыркүйекке қараған түні де 16 жастағы жасөспірім ата-анасының Mitsubishi Carisma маркалы көлігін рұқсатсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан қайтыс болған еді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті ата-аналарға балаларының әрекеттеріне мұқият болуды және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін шектеуді ескертті.

Полиция мәліметінше, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан. Құрбандардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр (27–31 қазан аралығы). Оның басты мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар мен жаяу жүргіншілер арасындағы апаттардың алдын алу.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button