Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай ісі Бас прокуратураның ерекше бақылауында тұр. Қазір бұл істің негізгі фигуранты, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаны экстрадициялау бағытында тиісті шаралар жүргізілуде, деп жазды qandastar.kz
Ол Интерпол іздеу жариялаған азаматтың орналасқан жері анықталып жатқанын айтып, бұл процесс аяқталған соң экстрадиция рәсімі басталатынын мәлімдеді. Қойгелдиев кейде кейбір мемлекеттерден ресми жауаптардың кешігіп келетінін, мұндай жағдайда прокуратура дипломатиялық арналар арқылы хаттар жолдап, процесті жеделдетуге тырысатынын атап өтті. Бұл жұмыстың барлығы халықаралық құқық талаптарына сай жүзеге асып жатыр.
Мәселе Сенат деңгейінде де талқылануда. Сенатор Геннадий Шиповских келіссөздердің күрделі жағдайда жүріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл істі бірнеше депутат бақылап отыр, ал Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бірлесіп белсенді әрекет етуде.
“Қытайдың заңдары өте қатаң, сондықтан үдеріс оңай жүріп жатқан жоқ. Дегенмен, біз әділ шешім қабылданатынына үміттіміз. Әр мемлекеттің өз заңдық ерекшеліктері бар екенін түсіну маңызды”, – деді сенатор.
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі қоғамда әлі де үлкен резонанс тудырып отыр. Ол Қытайда есірткі тасымалдады деген айыппен сотталған болатын. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша халықаралық деңгейде құқықтық және дипломатиялық жұмыстар жалғасып жатыр.



