Жаңалықтар

Депутат Әбутәліп Мүтәлі түнгі тендерлерді өткізуге қарсы шықты

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі өзінің иелігіндегі BESupply компаниясы Жамбыл облысында 287 миллион теңгелік мемлекеттік тендерді ұтқанын растады, деп хабарлайды qandastar.kz. Бұл тендердің түн ортасында өткізілгені қоғам назарын аударды.

Депутаттың айтуынша, тендердің уақытын орындаушы емес, тапсырыс беруші орган белгілейді. Сондықтан ол компаниялардың түнгі уақытта өтетін байқауларға қатысуы жүйедегі техникалық немесе ұйымдастырушылық себептерге байланысты екенін айтты.

«Мұндай тендерлер кәсіпкерлер үшін қолайсыздық тудырады. Көпшілігі сатып алу бөлімдерін түнде де жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Сол себепті, түнде өтетін тендерлерді тоқтату керек деп санаймын», — деді ол.

Әбутәліп Мүтәлі Мәжіліске келген соң өз бизнесін заңға сәйкес сенімгерлік басқаруға тапсыратынын айтты. Ол мүдделер қақтығысы болмайды, керісінше, нарықтағы тәжірибесін цифрлық саясат пен экономикалық реформаларды дамытуға пайдаланатынын жеткізді.

«Мемлекет цифрлық кодексті қабылдап, жасанды интеллектті әр салаға енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта мен де өз үлесімді қосамын», — деді депутат.

Жамбыл облысының білім басқармасы ұйымдастырған тендер «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу және техникалық қолдау қызметіне қатысты болған. Өтінім қабылдау 16 қыркүйекке қараған түні сағат 00:06-дан таңғы 9:06-ға дейін ғана жүргізілген.

Ресми мәлімет бойынша, уақыттың осылай қойылуына камералдық бақылаудың кеш бекітілуі себеп болған. Әкімдік байқау барысында заңбұзушылық немесе сөз байласу белгілері анықталмағанын хабарлады.

Әбутәліп Мүтәлі 15 қазанда Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына енді. Бұған дейін ол цифрландыру саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button