
Kaspi жаңа төлем жүйесін — Kaspi Alaqan қызметін таныстырды. Енді тұтынушылар дүкенде телефонсыз, интернетсіз және картасыз, тек алақанын сканерлеу арқылы төлем жасай алады, деп хабарлайды qandastar.kz.
Жаңа сервистің таныстырылымы 31 қазанда Almaty Theatre сахнасында өтіп, оны Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушы Михаил Ломтадзе жария етті. Оның айтуынша, бұл инновациялық жүйе 2025 жылдың желтоқсанында алдымен Алматы қаласындағы сауда орталықтарында, кейін бүкіл Қазақстан бойынша қолжетімді болады. Сонымен қатар, банкоматтарда да алақан арқылы төлем жасау мүмкіндігіқарастырылған. Kaspi серіктестері үшін алғашқы үш айда 0% комиссия ұсынылады.
Ломтадзе жаңа әдістің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударды:
«Бұл смартфонмен төлеуден де жылдам. Алғашқы рет қолданғанда ерекше әсер қалдырады. Технологияның негізінде Kaspi ID қауіпсіздік жүйесі жатыр, ал пайдаланушылар өз алақан ізін қалаған сәтте өшіре алады», — деді ол.
Компания басшысының айтуынша, Алматыда қазірдің өзінде 20 мың арнайы құрылғы орнатылған. Жаңа төлем жүйесін ең алғаш UFC жауынгері Шавкат Рахмонов сынақтан өткізді.
Михаил Ломтадзе сондай-ақ алақанмен төлеу технологиясы Қытайда кеңінен тарала бастағанын, алайда Kaspi Alaqan қазақстандық нарыққа бейімделіп, қосымша инновациялармен толықтырылғанын атап өтті.



