
Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасының негізсіз өсуі мен автогаз тапшылығына байланысты азаматтардың шағымдарын қабылдайтын жедел желі іске қосылды. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады, деп жазады qandastar.kz
Ведомствоның мәліметінше, бензин мен дизель отынына енгізілген баға мораторийін бұзу және сұйытылған мұнай газының (автогаздың) жетіспеушілігіне қатысты барлық өтініштер тіркеліп жатыр.
Министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен жасанды тапшылық жасау әрекеттеріне жол бермейтінін атап өтті.
Ресми ақпаратқа сәйкес, өңірлерге қажетті жанармай көлемі толық жеткізілген, ал мұнай базаларында жеткілікті қор бар. Отын тапшылығына себеп болатын нақты факторлар жоқ. Кей өңірлерде байқалған кезектер жүйелі тапшылықтан емес, логистикалық және бөлу мәселелерінен туындап отыр.
Энергетика министрлігі тұрғындарды бензин бағасының негізсіз көтерілуі немесе жанармай құю бекеттерінде отынның болмауы сияқты жағдайлар орын алса, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желіге хабарлауға шақырды: +7 701 855 0248.
Әрбір келіп түскен шағым мұқият тексеріліп, расталған жағдайда заңсыз әрекетке барған нарық субъектілеріне қатысты шаралар қолданылады.



