Жаңалықтар

Той мәдениеті өзгереді: Депутаттар арсыз ойындарға айыппұл салуды ұсынды

Елімізде той мәдениетін реттеу мәселесі Мәжіліс деңгейінде қаралуда. Депутаттар мерекелік шараларда адамды ұялтатын ойындар мен әдепсіз әзілдерге заңмен шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды Qandastar

Халық қалаулыларының пікірінше, соңғы жылдары қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын тойлар шоу түріне айналып, ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіріп отыр. Асабалар мен өнер өкілдерінің кейбірі қонақтардың абыройына тиетін ойындар ұйымдастырып, дөрекі әзілдер айтуға бейім болған.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бұл жағдайларға нақты заңнамалық тыйым қажет екенін айтты.

«Бұған қатысты заңда нақты тыйым салатын нормалар болуы керек. Ақпарат және мәдениет министрлігі мұндай көріністерді саралап, қажет болған жағдайда айыппұл сияқты шара қолдануы тиіс», – деді ол.

Маманның айтуынша, тойдағы мәдениетке бақылау орнату – ұлттық намысты қорғау мен қоғамдағы тәрбиелік құндылықты арттырудың маңызды тетігі.

Ал асаба Санат Нұрбай бұл мәселеде жауапкершілік тек жүргізушілерде емес екенін жеткізді.

«Көп жағдайда той иелері өздері сондай ойындар мен әзілдерді сұрайды. Ақысын төлеген соң, асаба сол тапсырысқа сай қызмет етеді. Қонақтардың өздері де көңіл көтеруді талап етеді. Сондықтан сұраныс бар жерде ұсыныс та бар», – дейді ол.

Қазір депутаттар мұндай әрекеттерге әкімшілік жаза енгізу жолдарын талқылап жатыр. Егер бастама қолдау тапса, ұятты ойындар мен орынсыз әзіл ұйымдастырған асабаларға және шоу-бизнес өкілдеріне айыппұл салынуы мүмкін.

Депутаттардың пікірінше, той мәдениетін сақтау – ұлттық болмыс пен адамдық қадір-қасиетті қорғаудың бір бөлігі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button