Белсенді педагог Бахтияр Әбдірайымов Оқу-ағарту министрлігіне зейнет жасына таяған ұстаздарға қатысты көтерілген мәселені назардан тыс қалдырмағаны үшін алғыс білдірді, деп жазады qandastar.kz
Оның айтуынша, министрлікке жолданған өтініште зейнетке шығуына бес жыл қалған педагогтерді аттестациядан толық босату туралы ұсыныс жасалған. Бұл бастама ұстаздар тарапынан үлкен қолдау тапқан.
“Министрліктің жауабында бұл мәселе Қағидаға өзгеріс енгізу кезінде жұмыс тобының қарауына ұсынылатыны айтылған. Бұл біз үшін үлкен үміт пен сенім сыйлады. Зейнет жасындағы ұстаздардың еңбегін бағалап, қолдау білдірген министрлікке ризашылығымызды білдіреміз”, – деді педагог.
Оқу-ағарту министрлігі өз кезегінде педагогтердің құқықтық мәртебесін нығайту және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында заңнамалық түзетулер әзірленіп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері ұстаздар қауымының пікірі мен ұсыныстары міндетті түрде ескерілетінін атап өтті.



