Жаңалықтар
ЖАҢА ПАНДЕМИЯ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?
елдерінің Денсаулық сақтау саласы мен жаһандық экономиканы өз ырқына бағындыратын X пандемиясы пайда болуы мүмкін бе? Мәскеудегі Болашақ технологиялар форумында осы және өзге де маңызды тақырыптар талқыланып жатыр. Ғалымдар мен дәрігерлер медицинаның болашағы мен оның сапасына қатысты өз ойларын ортаға салып, ынтымақтастықты арттыру жолдарын қарастырып жатыр. Жаңа X пандемиясы – болашақ технологиялар форумында талқыланып жатқан тақырыптың бірі. Осы ретте Ресей тұтынушылар құқықтарын қорғау қызметі көпшіліктің назарына жаңа эпидемияны болжау моделін ұсынды. Індетті алдын ала біле алатын жүйе геномдық бақылау, мобильді технология және деректерді сараптауға негізделген. Жасанды интеллект те қолданылады. Эпидемиологтардың пікірінше, жаңа X пандемиясы пайда болатын күн алыс емес. Константин Северинов, биология ғылымдарының докторы: – Бізде халық саны өскенмен генетикалық тұрғыдан ілгерілеу жоқ. Бірақ өркениеттердің дамуынан түрлі індеттің тез таралу қатері күшейді. Қазір табиғатқа келтірілген залалдарды ескерсек, жаңа вирустың пайда болуы әбден мүмкін. Ол өте жылдам таралуы да ықтимал. Сондықтан біз мұндай жағдайға дайын болуымыз қажет. Ащы болса да, шындық осы. Тек індеттің қашан және салдары қандай болатыны белгісіз, – дейді мамандар. Бүгінгі күні қызылша, коронавирус және тұмаудың бір уақытта таралып, эпидемиялогиялық ахуалды күрделендіре түскенін айтады. Бірақ жергілікті билік бұл індетті бақылауда ұстауға болатынын мәлімдеді. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен, оның ішінде Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерімен өзара әріптестікті нығайтуға шақырды. Анна Попова, Ресей тұтынушылар құқықтарын қорғау федералдық қызметінің басшысы: – Біз бұл мәселелерді талқыладық. Мен қазіргі эпидахуалды өте күрделі деп айтпас едім. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығында жағдай тұрақты. Біз бір-бірімізге індеттің жаппай таралуының алдын алу үшін вакцина және бақылау технологиялары сияқты құрал-жабдықтармен көмектесуге дайынбыз. Кеше осы мәселені талқылап, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырудың жаңа шешімдерін таптық. Форум алаңында ғалымдар Қазақстан Президентінің осы саладағы бастамаларына жоғары бағасын берді. Сарапшылар оның ғылым және технологиялар жөнінде ұлттық кеңес пен ғылыми орталықтардың желісін құру туралы идеясын қолдап отыр. Дмитрий Чермошенцев, Ресей кванттық орталығының аға ғылыми қызметкері: – Қазақстан ғылымды дамытуға жұмсайтын қаражатты үш есе көбейтті. Бұл Қазақстанның инновациялық технологиялар мен маңызды ғылыми бағыттарды өркендетуге ден қойғанын аңғартады. Кванттық технологиялар ғылымда ең озық саланың бірі болғандықтан, біз осы бағытта қазақстандық әріптестерімізбен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Дана Нұржан, тілші: – Екі күн бойы форум алаңында дәрігерлер, сарапшылар, денсаулық сақтау саласының мамандары мен ғалымдар болашақ медицинасын талқылайды. Нейротехнологияның дамуы, регенеративтік медицина, пандемияның алдын алу үшін жасанды интеллектіні пайдалану сияқты мәселелер қозғалмақ. Өткеннен сабақ алып, болашаққа бағдар жасалатын жиында биологиялық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен қарастырылғалы отыр. Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.