
Президент тапсырмасынан кейін Үкімет елдің салық-бюджет саясатын қайта қарап, кәсіпкерлікке тың серпін беретін бірқатар өзгерістер енгізді. Ең маңызды жаңалықтардың бірі — шағын және орта бизнес өкілдерін үш жылға салықтық тексеріс пен камералдық бақылаудан босату, деп жазады qandastar.kz
Қазір елде 2,38 миллионнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар, оның 2,18 миллионы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39%-ды құрайды. Яғни, жаңа жеңілдік экономиканың тірегіне айналған бизнеске нақты қолдау болмақ.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, тексеруді тежеу кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
“Әкімшілік қысымның азаюы кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай қағазбастылық пен жиі тексерулер уақыты мен қаржысын тежейтін. Енді бизнес өнім сапасын жақсартуға, өндірісті жаңғыртуға көбірек көңіл бөле алады”, — дейді сарапшы.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі салық нысандары мен түрлерін оңтайландырып, әкімшілік жүктемені азайтады.
“Салық нысандары 30%-ға, салық түрлері 20%-ға қысқарады. Егер кәсіпкер келесі жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарызын өтесе, өсімпұл мен айыппұл төлеуден босатылады. Бұл — бизнестің тынысын кеңейтетін нақты қолдау”, — деді ол.
Сонымен қатар, жаңа тәртіпке сай:
- 20 АЕК-ке дейінгі берешекке тек хабарлама жолданады;
- 45 АЕК-ке дейінгі қарызға ескерту беріледі;
- 45 АЕК-тен жоғары болса, мүлікті тәркілеу рәсімі басталады.
Соңғы үш жылда елдегі жас кәсіпкерлер саны 12%-ға артқан. Қазір жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 1,9 миллионнан асты, оның 95%-ы белсенді. Негізгі бөлігі сауда (36,4%), ауыл шаруашылығы (13,4%) және түрлі қызмет көрсету салаларында (15,5%) жұмыс істейді.
Дегенмен, сарапшылар бақылауды толық алып тастау көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелуі мүмкін екенін де ескертеді.
“Камералық бақылаудың болмауы кейбір кәсіпкерлердің табысын жасырмасына кепіл жоқ. Бірақ басты мақсат — бизнесті қорғау мен сенімге негізделген ашық экономикалық орта қалыптастыру”, — дейді Бауыржан Ысқақов.
Қаржы министрі Мәди Такиев те жаңа жүйенің басты артықшылығы ретінде цифрландыруды атады.
“Банк шоттарын автоматты бұғаттау болмайды. Оның орнына алдын ала камералдық тексеру форматы енгізіледі. Бұл — кәсіпкерлерге кедергі келтірмей, қателікті уақытында түзетуге мүмкіндік береді”, — деді министр.
Жаңа Салық кодексі күшіне енген соң, жоспарлы және кенет тексерулер тоқтатылып, барлық процесс электронды форматқа көшіріледі.



