Алматы халықаралық әуежайында сәтсіз әзіл айтып қойған Түркістан облысының мұғалімі жұмыстан босатылғаннан кейін өз құқығын сот арқылы қорғап шықты, деп хабарлайды qandastar.kz.
Оқиға әуежайдағы тексеріс кезінде болған. Мұғалімнің айтқан сөзі қауіпсіздік қызметінің күдігін туғызып, ол «қауіп төндіруі мүмкін мәлімдеме» ретінде бағаланған. Осы себепті ұстазға Қылмыстық кодекстің 273-бабы – «Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату» бабы бойынша іс қозғалған. Кейін тергеу органдары қылмыс құрамының жоқ екенін анықтап, істі тоқтатқан.
Бірақ осы оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі мұғалімді «бейморальды әрекет» үшін жұмыстан шығарған. Ұстаз бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Ол комиссия шешімінің әділетсіз болғанын, өз түсіндірмесін назарға алмағанын және қылмыстық іс ресми түрде жабылмай тұрып шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Сот процесі кезінде тараптар келісімге келіп, мектеп жұмыстан шығару туралы бұйрыққа өзгеріс енгізуге және еңбек кітапшасы мен enbek.kz порталындағы жазбаларды түзетуге міндеттелді.
Келісім бойынша, тараптар бір-біріне арыз-шағым түсірмеуге уағдаласты. Сот шешімі заңды күшіне енді.



