Тіркеуге тұру

Уақытша тіркеуге тұру талабы мен тәртіптері

http://mediaovd.kz/kz/?p=18565

Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеу бойынша заңға енгізілген өзгерістерді Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев жан-жақты түсіндіріп берді.
Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді кеңінен түсіндірген Ерлан Заманбекұлы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұру бұрыннан бар талап екенін баса айтты. «Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Бұл ішкі көші-қонға мониторинг жүргізуге, осы және басқа қалада немесе аудандағы азаматтардың есебін нақтылау үшін қажет. Осы мәліметтердің негізінде жұмыс орындарын ашу, мектеп, арухана құрылысы, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады. Бұған қоса, полициядан немесе басқа органдардан қандайда бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ, тұрғын жай иесінің келісімі болса жеткілікті», – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуына қарағанда, заңға енгізілген өзгерістер негізінде тұрақты тіркеумен қатар «уақытша тіркеуге тұру» түсінігі енгізіліп отыр. Уақытша тіркеуге тұру үшін тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Уақытша тіркеу дегеніміз аты айтып тұрғандай, белгілі бір мерзімге рәсімделеді және белгіленген уақыт өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады.
Ал бұл заңға енгізілген өзгерістеді жүзеге асыруда пәтерден пәтерге көшіп жүрген тұрғындар түрлі кедергілерге тап болатыны жасырын емес. Айтар болсақ, жалдамалы пәтерді пана етіп жүргендерді пәтер қожайындары тіркеуге тұрғызудан түбегейлі бас тартатыны бар. Содан да, пәтерді жалға алушылар тұрып жатқан мекенжай бойынша тіркелгісі келсе де, тіркеле алмай дал болады. Сондықтан да, заң талаптарын орындау үшін жалған мекенжай бойынша тіркеуге тұруға тура келеді, бірақ өздері көрсеткен мекенжайда тұрмайды. Ең сорақысы, көп жағдайда бұл мекенжайда жүздеген азамат тіркелген болып шығады. Министрдің орынбасарының мәліметінше, осындай олқылықтарды жою үшін пәтерді жалға берушілерге онда тұрып жатқан азаматтарды тіркеуге тұрғызу міндеттелді. Мекенжай бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін бұрындары тек жалдамалы пәтерді пана еткен тұрғындар ғана жауапкершілікке тартылып келсе, бұдан былай пәтер иелеріне де азаматтарды тіркеусіз тұрғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал есесіне, пәтерде тұрып жатқан қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеуге тұру қажет емес.
«Азамат белгілі аумақта 1 айдан аса уақыт тұрса, ол уақытша мекенжайда тіркелуге міндетті. Бірақ «Тұрғын үй қатынастары» заңы бойынша пәтерде уақытша тұрғандар, яғни пәтер иесі уақытша ақысыз тұруға келісімін берген азаматтарға уақытша тіркелу міндетті емес. Ондай санаттағы азаматтарға туысқандар мен қонақтар жатады», – деді ведомство өкілі.
Дей тұрғанмен, бұл 2016 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заңына енгізілген өзгертулердің орындалуы бірден қатаң бақылауға алынады деген сөз емес. Айтуынша, жұмыс бұрынғы жүйемен жүргізіле береді. Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде тіркеусіз жүрген құқық бұзушылар бірден жауапкершілікке тартылмайды, оларға әуелде ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі.
Ал уақытша тіркеуге тұру тәртебені келетін болсақ, бүгінде азаматтарды тіркеу рәсімдері барлық жерде барынша жеңілдетілді. Тіркеуге тұру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінесіз, бұл рәсім бар болғаны 15-20 минут уақытыңызды алады. Тіпті, ол үшін бұрынғы тұрғылықты мекенжайдың тіркеу есебінен шығудың қажеттілігі жоқ. Себебі, бұрынғы мекенжайдан тіркеу және шығару автоматты түрде жүргізіледі. «Мекенжай ауысқан кезде жаңа құжаттар алудың да қажеттігі жоқ – барлық мәліметтер азаматтардың жеке куәлігіндегі электронды «чипке» енгізіледі. Сондай-ақ, үйден шықпай да үкіметтің электронды порталы арқылы тіркелуге болады, ол үшін ғаламторға қосылу мүмкіндігі және электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті, мемлекеттік баж салығы электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы төленеді. Тіркеу туралы ақпарат электронды мәліметтер базасына бірден түседі. Бұл азаматтарды мемлекеттік қызметті алу кезінде тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтаманы жинау және ұсыну қажеттігінен босатады», – деп түйіндеді сөзін полиция генерал-майоры. Сондай-ақ, Ерлан Заманбекұлы тұрғындардың есебін жүргізудің осы және басқа үлгісі көптеген мемлекеттерде қолданылып келе жатқанына баса назар аударды.
Мәселен, Ресей Федерациясы, Латвия, Литва, Молдова, Эстония, Грузия секілді бұрынғы бірқатар кеңестік елдерде Тұрғындардың бірыңғай тіркелімі жүргізіледі, сондықтан тіркеуге тұру үшін мемлекеттік мекемеге өзі баруы тиіс. ГФР-да муниципалдық қызметтер тіркеуді жаңа мекенжайға келгеннен кейін екі апта ішінде жүргізеді. Келген немесе кеткен мекенжайы бойынша уақытылы мәлімет бермеген немесе бөтен біреудің мекенжайын пайдаланған адамға 1-ден 50 мың евроға дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған. Австрияда тіркеуге тұру үшін полицияға жеке куәлігін, үйді жалға беру немесе сатып алу туралы келісімшартты ұсынады. Израилде полиция азаматтарға жеке куәлігінің ішіне қосып, оның тұрғылықты мекенжайы көрсетілген қосымша парақша береді. Бельгияда да тұрғылықты мекенжай жеке куәлікке енгізіледі, бірақ қоныс аудару туралы өтініш ратушқа беріледі. Осындай тәртіптер бұдан басқа елдерде де бар. Жалпы алғанда, біздің еліміздегі тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүддесін барынша тиімді қорғауға, сондай-ақ ішкі көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Өткен жылдың статистикасына сүйенсек, 2016 жылы елімізде тұрғылықты мекенжайын өзгеруіне байланысты 1 млн. 200 мың адам тіркеуді рәсімдеген және 750 мың адам уақытша келген жері бойынша тіркелді. Сондай-ақ, 2016 жылы тіркеусіз тұрғаны және жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін 22 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

 

 

 

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close