Жаңалықтар

Карим Мәсімовтің үйінен алынған самурай қылышы сатылды

Мемлекетке қайтарылған мүліктердің ішінен тек бір зат — самурай қылышы ғана жаңа иесін тапты, деп хабарлайды qandastar.kz.

4 қарашада өткен онлайн аукционда жалпы құны 520 миллион теңгеден асатын 42 сән-салтанат бұйымы саудаға шығарылған. Лоттар арасында элиталы сағаттар, зергерлік әшекейлер мен әлемдік брендтердің коллекциялық бұйымдары болған.

Олардың қатарында Van Cleef & Arpels, De Beers, Harry Winston, Patek Philippe сияқты әйгілі маркалардың заттары бар. Алайда, қымбат бұйымдарға қызығушылық танытқандар табылмады.

Керісінше, «қынаптағы самурай қылышын» сатып алуға ниетті адам табылып, ол 542 мың теңгеге сатылған. Құжаттар бойынша, бұл зат бұрын сотталған экс-КНБ басшысы Карим Мәсімовтің үйінен тәркіленген мүлік тізімінде болған.

Айта кетейік, ең қымбат лоттардың бірі — 150 миллион теңгеге бағаланған платина сағат Ulysse Nardin — сатып алушысыз қалды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button