Қазақстанда нарықтық ипотека мөлшерлемелері әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, ол жылдық 20 пайыздан асады. Ал «Отбасы банк» ұсынатын жеңілдетілген бағдарламаларда пайыздық мөлшерлеме төмен болғанымен, негізгі талаптардың бірі – тұрақты ресми табыстың болуы, деп жазады qandastar.kz
Банктердің басты талабы – ресми және тұрақты табыс
Сарапшының айтуынша, банк ипотекалық өтінімдерді қарастырғанда табыстың көлемінен бөлек, оның ресми түрде расталуына, зейнетақы мен әлеуметтік аударымдардың түсуіне, кемінде алты айлық еңбек өтіліне, және басқа қарыздардың болмауына назар аударады.
«Ипотеканың ай сайынғы төлемі отбасының ресми табысының 40–45 пайызынан аспауы керек», – дейді Бауыржан Ысқақов.
Нарықтық және жеңілдетілген ипотеканың айырмашылығы
Қазір нарықтық ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жылына шамамен 20%. Мысалы, пәтердің бағасы 25 млн теңге, несие мерзімі 20 жыл, мөлшерлеме 20% болса, ай сайынғы төлем 385–390 мың теңгені құрайды. Демек, мұндай несиені алу үшін отбасының табысы кемінде 770–800 мың теңге болуы тиіс.
Ал «Отбасы банк» арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекада жағдай әлдеқайда жеңіл. Сол пәтер үшін ай сайынғы төлем 175 мың теңге шамасында, яғни табыс 350 мың теңге көлемінде жеткілікті.
«7-20-25» бағдарламасы мысалында
Егер пәтердің бағасы 20 млн теңге, бастапқы жарнасы 4 млн теңге болса, ай сайынғы төлем несие мерзіміне қарай өзгереді:
- 20 жылға – 124 мың теңге,
- 10 жылға – 185 мың теңге,
- 5 жылға – 316 мың теңге.
Осыған сәйкес, отбасының табысы 370 мыңнан 630 мың теңгеге дейін болуы қажет.
Қаржылық жүктеме және тәуекелдер
Банктер несие берерде отбасының жүктемесін, яғни асырауындағы адамдар санын, алимент төлемдерін және басқа несиелердің бар-жоғын есепке алады.
Экономисттің айтуынша, үлкен бастапқы жарна ай сайынғы төлемді де, табысқа қойылатын талаптарды да азайтады.
Қазір елдегі орташа айлық жалақы 390–400 мың теңге шамасында. Сондықтан көптеген азаматтар үшін тиімді нұсқа – жеңілдетілген ипотека бағдарламалары немесе бағасы қолжетімді тұрғын үй.
Сарапшының кеңесі
«Ипотеканы қарастырғанда тек “ай сайын қанша төлей аламын?” дегенге емес, төлемнен кейін қанша ақша қалатынына назар аудару керек. Ең дұрысы – ай сайынғы төлем табыстың 30–40 пайызынан аспағаны жөн», – дейді Бауыржан Ысқақов.
Оның пікірінше, ипотекалық қарыз алуда әсіресе жалғызбасты ата-аналар мен балалы отбасылар мұқият болуы тиіс. Себебі күтпеген шығындар кезінде қордағы қаражат болмаса, қарыз жүктемесіне түсу қаупі жоғары.
Қорытынды
Экономистің айтуынша, қазіргі бағдарламаларға қарамастан, ипотека негізінен тұрақты, орташа деңгейден жоғары табысы бар азаматтарға қолжетімді. Ал табысы төмен азаматтарға алдын ала бастапқы жарна жинап, бюджетін мұқият жоспарлауға кеңес беріледі — сонда ипотека отбасылық ауыртпалыққа айналмайды.



