Бүгін Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы бойынша депутат Елнұр Бейсенбаев банк секторының қазіргі жағдайы мен реформаның негізгі бағыттарын таныстырды, деп жазды qandastar.kz
Қазіргі уақытта Қазақстанның банк жүйесі тұрақтылыққа және қаржы тұтынушыларының құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар тәуекелдерге ұшырауда. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жеке және заңды тұлғалардың екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 38,7 триллион теңгеге жеткен. Оның 24 триллионы жеке тұлғаларға тиесілі, және бұл соманың 70%-ы тұтыну несиелері. Егер микроқаржы ұйымдары мен квазимемлекеттік құрылымдарды қоссақ, жалпы берешек көлемі 48 триллион теңгеге жетеді.
Азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесі – экономикалық және әлеуметтік қауіптердің бірі болып отыр. 2009–2020 жылдар аралығында банктерді қолдауға мемлекет 8,2 триллион теңге жұмсаған. Елнұр Бейсенбаев қазіргі уақытта осы қаражаттың қайтарылуын тек үш банк (Halyk Bank, ForteBank және Bank CenterCredit) орындағанын атап өтті.
Жаңа заң жобасы банк секторының философиясын түбегейлі өзгертуге бағытталған. Енді банктерді бюджет есебінен құтқару тәжірибесі тоқтатылады, ал қаржылық тұрақтандырудың ауыртпалығы акционерлерге жүктеледі. Егер мемлекет банктің үлесін алса, бұрынғы акционерлер басқаруға қатыса алмайды және дивиденд төленбейді.
Сонымен қатар, заң жобасында мінез-құлықтық қадағалау енгізілген. Бұл банктердің клиенттерге әділ қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге және мәжбүрлі өнім сатуға тыйым салуға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы банк заңы 30 жыл бұрын қабылданғандықтан, қазіргі заманғы цифрлық және финтех үрдістерді толық қамти алмай отыр. Елнұр Бейсенбаевтың пікірі бойынша, банк ресурстары нақты экономикаға, кәсіпкерлікті дамытуға және инновациялық қаржы технологияларын енгізуге бағытталуы тиіс. Банк жүйесі экономиканың қозғаушы күші болуға тиіс, ал оның негізгі капиталы – халықтың сенімі.



