Қарақат Әбілдина соңғы күндері ел арасында қызу талқыланып жатқан Тұрсынбек пен Мөлдірдің отбасылық мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Толық нұсқасын ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Әнші жазбасында Мөлдірдің подкасттағы жан сыры өзіне ауыр тигенін, жылап қалғанын айта келе, бұл отбасын бұрыннан жақсы білетінін және олардың бақытты күндерінің куәсі болғанын атап өтті. Сол себепті, мәселенің ушығып кетуі оған оңай тимеген.
Қарақат ханымның сөзіне қарағанда, ол жағдайдың алғаш жария болған кезінде эмоцияға беріліп пікір жазбаған – өйткені бірін даттап, бірін ақтау оның ниеті болмаған. Керісінше, ол екі тарапқа да “ақылға келіңдер” деп кеңес бергенін жеткізді.
Ол сондай-ақ қоғамда жиі кездесетін “отбасына қол сұғу” мәселесін өткір сынап өтті:
“Біреудің бақытын ұрлап, өзі бақытты болам деу – нағыз адасқандық! Бақыт ешқашан біреудің көз жасынан, қарғысынан, обалынан құралмайды!” – деп жазды әнші.
Сонымен қатар, Қарақат Әбілдина ер адамдарға да үндеу жасады:
“Сіздің абыройыңыз үшін өмірін сарп еткен, отбасын сақтап қалуға тырысқан әйелдеріңізді бағалаңыздар!”
Жазбасының соңында ол Тұрсынбек пен Мөлдірдің отбасына сабыр мен береке тілеп, бұл сынақтан да аман өтіп, қайта жарасатынына үміт білдірді.
Қарақаттың бұл жазбасы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызып, көпшілік тарапынан түрлі көзқарас білдірілді – бірі әншінің ойына қосылса, енді бірі мұндай жеке тақырыптарға араласудың қажеті жоқ деп есептейді.



