«Google салығы» деп аталған цифрлық қызметтер салығы енгізілгелі бері шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан қазынасына 118,4 млрд теңге аударған, деп жазады qandastar.kz
Аталған салық 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Ол Қазақстан пайдаланушыларына электрондық қызметтер көрсететін немесе онлайн тауар сататын шетелдік компанияларға қолданылады. Мұндай компаниялар елімізде тіркеліп, 12% мөлшерінде ҚҚС төлеуге міндетті. Бұл, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, отандық және шетелдік цифрлық қызмет көрсетушілер арасында әділ бәсекелестік орнатуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 118 шетелдік компания тіркелген, олардың қатарында әлемдік ірі платформалар да бар. 2025 жылы оларға тағы 20 компания қосылды, соның ішінде:
- Chess.com — халықаралық шахмат платформасы;
- OpenAI, L.L.C. — ChatGPT әзірлеушісі;
- Canva Pty Ltd. — онлайн-дизайн қызметі;
- Microsoft Ireland Operations Limited — Microsoft компаниясының бөлімшесі;
- Canyon Bicycles GmbH — спорттық велосипед өндірушісі.
2025 жылдың басынан бері шетелдік компаниялар 48,6 млрд теңге салық төлеген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 млрд теңгеге көп.
Ең ірі ҚҚС төлеушілердің қатарында:
- Valve Corporation — 8,6 млрд ₸;
- Apple — 8 млрд ₸;
- Temu — 6,2 млрд ₸.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық цифрлық қызметтерге салынатын салық жүйесі халықаралық стандарттар мен ЭЫДҰ (ОЭСР) ұсынымдарына сай екенін атап өтті. Ұқсас салық тетіктері Еуропалық Одақта, Ұлыбританияда, Үндістанда, Канадада, Аустралияда, Жапонияда және Сингапурда да қолданылады.



