Қайырымдылықтың күші мен адамгершіліктің шынайы үлгісі болған ерекше оқиға көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бетперде киген қайырымды жігіт 15 жастағы Карина есімді қызға және оның әкесіне үлкен көмек көрсетті.
Каринаның әкесі бірнеше жыл бойы бауыр циррозы диагнозымен күресіп келеді. Дәрігерлер науқасқа бауыр трансплантациясын (пересадка печени) шетелде, нақтырақ айтқанда Үндістанда жасату керектігін айтқан. Отбасы емге қажетті 23,5 мың доллар жинау үшін онлайн сбор ашқан болатын.
Карина әкесіне кішкентайынан қолғабыс етіп келеді. 8 жасынан бастап ол түрлі жұмыстар істеп, отбасына көмектесуге тырысқан. Анасы оларды перзентханада тастап кеткенімен, Карина еш өкпе артпай, анасын кешіргенін айтады.
Осы қиын сәтте қоғам назарын аударған бетперде киген қайырымды жігіт отбасының тағдырына бейжай қарамай, барлық қажетті қаражатты жауып берді. Ол тек емге арналған соманы ғана емес, пәтердің кілтін табыстап, болашақта өз кәсібін дөңгелетуге де қосымша қаржы бөлді.
“Бұйыртса келесі аптада Каринаның әкесі бауыр трансплантациясын жасау үшін Үндістанға ұшады. Одан кейін өзінің жөндеу шеберханасы бар автоэлектрика дүкенін ашуды жоспарлап отырмыз”, — дейді отбасы қуанышпен.



