Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптамаСаясат

C5+1 саммиті: Орталық Азиядағы «үлкен ойынның» жаңа тарауы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты. Сонымен қатар, президент С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды, деп жазады qandastar.kz

Саммиттің тарихы

Тарқатып айтсақ, C5+1 форматы 2015 жылы АҚШ пен Орталық Азия елдерінің –  Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның  арасындағы диалог алаңы ретінде құрылған. Алғашқыда бұл бастама экономикалық даму, энергетика, экология және қауіпсіздік мәселелеріне бағытталған болатын.

Он жыл ішінде формат министрлер деңгейіндегі шағын кездесулерден бастап президенттік деңгейдегі саммитке дейін өсті. Бұл –  Вашингтонның аймаққа деген қызығушылығының күшеюін және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына, сондай-ақ Ресейдің Еуразиялық экономикалық одағы арқылы ықпалына балама іздеуін көрсетеді.

АҚШ-та өткен мерейтойлық саммитті сарапшылар «Үлкен ойынға» теңейді. XIX ғасырда британ геосаясаттанушысы Хэлфорд Маккиндер Орталық Азияны «әлемнің жүрегі» деп атаған еді. Бүгінгі таңда бұл аймақ тек географиялық маңызы бар өңір емес, сонымен бірге сирек кездесетін металдар мен стратегиялық ресурстардың қоры бар экономикалық орталыққа айналуда.

Биылғы саммиттің басты тақырыбы –  литий, кобальт және басқа да сирек металдарды игеру, инфрақұрылым және шикізат жеткізу тізбегін әртараптандыру болды. АҚШ үшін бұл –  Қытайға тәуелділікті азайтып, жаңа серіктестік орнату мүмкіндігі.

C5+3 форматы: жаңа серіктестер кім болмақ?

Вашингтонда талқыланған басты идеялардың бірі –  форматты C5+3 деңгейіне дейін кеңейту. Бұл бастама аймақтық әріптестікті тереңдетіп, көрші державалардың ықпалынан тәуелсіз болуға мүмкіндік береді.

Жаңа серіктестердің кім болатыны әзірге нақты айтылған жоқ, бірақ болжам бойынша Еуропалық Одақ немесе Жапония сияқты мемлекеттер қосылуы мүмкін. Бұл жағдайда АҚШ Орталық Азия арқылы орта дәліз (Trans-Caspian Corridor) жобасын дамытып, Ресейді айналып өтетін жаңа сауда бағытын күшейтпек.

Экономикалық пайда мен геосаяси есеп

АҚШ президенті Дональд Трамп саммит қарсаңында Орталық Азия  үлкен нарық пен бай ресурс көзі екенін айтты.

«Біз Қытай мен Ресейдің оны монополиялауын қаламаймыз. Бұл барлық тарап үшін тиімді мәміле болады», – деді Трамп.

Бұл мәлімдеме Ақ үйдің прагматикалық бағытын айқындайды: демократиялық үндеуден гөрі экономикалық пайда мен геосаяси есеп алдыңғы орынға шыққан.

 Мәскеу мен Бейжіңнің реакциясы

Ресей президенті Владимир Путин бұрынғыдай мұндай бастамаларға күдікпен қарайды.

«Еуразияны блоктарға бөлу – бұл ынтымақтастық емес, ол тек қарсыластыққа апарады», –  деді ол.

Мәскеу үшін C5+1 форматы  АҚШ-тың «артқы ауласына» сыналай енуі іспетті. Қытай сарапшылары да алаңдаулы. Шанхай халықаралық зерттеулер академиясының ғалымы Ван Ивейдің пікірінше, C5+3 форматы НАТО-ның Шығысқа кеңеюін еске салады және аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.

 Сирек металдар мен жаһандық тәуелділік

Бүгінде Қытай әлемдік сирек металдар өндірісінің 60%-ын, өңдеу қуатының 85%-ын иеленеді. АҚШ өз кезегінде осы ресурстардың 63%-ын Қытайдан импорттайды. Қазан айында Бейжің экспорттық шектеулер енгізіп, Вашингтонды шұғыл балама іздеуге итермеледі.

Бұл жағдайда Орталық Азия — АҚШ үшін стратегиялық шикізат көзіне айналуда.

 Қазақстан: көпвекторлы саясаттың жаңа белесі

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін АҚШ-пен байланыс – тек экономикалық емес, сыртқы саяси теңгерім мәселесі. Ресей мен Қытайдың арасындағы геосаяси кеңістікте орналасқан Астана үшін бұл әртараптандыру саясатының бір бөлігі болып қала бермек.

Егер C5+1 форматы C5+3 деңгейіне дейін дамыса, Орталық Азия жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бірақ бұл жол  үлкен державалар арасындағы тепе-теңдік пен шебер дипломатияны қажет етеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button