
Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында осыдан 15 жыл бұрын болған ауыр кезеңді еске алып, ұлы Әлімнің өмірге келу тарихын баяндады, деп хабарлайды qandastar.kz
Оның айтуынша, көп жыл бойы бала сүюді армандаған. Он жыл күтуден кейін жүкті болғанымен, дәрігерлер іштегі сәбидің бір өкпесі суға толғанын айтып, өміріне қауіп бар екенін жеткізген.
«Бес айлығында осылай деді. Сегіз ай толғанда қайта қаралғанда, дәрігер “өкпесі әлі толық дамыған жоқ, сәл күтейік” деді. Сосын, “балаңыздың атын таңдадыңыз ба?” деп сұрады. Таңдамадым десем, “есімімен жерге түскені жақсы болады” деді. Сол сөз менің есімнен кетпейді», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Осыдан кейін жұбайымен бірге болашақ баланың есімін іздей бастаған.
«Ұлтаралық отбасымыз ғой, Алан, Тайыр, Мансұр, Тимур деген аттарды қарастырдық. Бір сәтте мен “Әлім қойсақ қалай?” дедім. Володя бірден келісті. “Қарашай халқында бұл есім жиі кездеседі, сенің де руың Әлім, ал баламыз медицина – ғылымның арқасында өмірге келмек. Араб тілінде ‘ғылым’ сөзі де ‘әлім’ емес пе?” деді. Солай Әлім аты бірден қабыл болды», – дейді журналист.
Босану сәті де жеңіл болмаған. Күйеуі сол сәтті видеоға түсіру үшін камера дайындағанымен, перзент дүниеге келгенде қолына ұстауға да шамасы болмаған.
«Баламды бірден реанимацияға алып кетті. Өзіме наркоз беріп, басқа бөлімге апарды. Дәрігерлер ұлымды бір ай бойы күтіп, 9 айлық болғандай етіп қолыма тапсырды. Сол жандардың еңбегіне өмір бойы ризамын!», – деп түйіндеді Дана Нұржігіт.



