Ұлттық банктің дерегінше, 2022 жылдан бері елдегі қолма-қол ақшаға сұраныс 20 пайызға өскен. Мәселен, биылғы тоғыз айдағы көрсеткіш бойынша, азаматтар банкоматтар мен POS-терминалдар арқылы 20 триллион теңгеден астам ақша шешкен. Оның ішінде: 17,2 трлн теңге — банкоматтар арқылы; шамамен 3 трлн теңге — POS-терминалдар және өзге арналар арқылы алынған. Өңірлер бойынша көшбасшылар Алматы – 6,8 трлн теңге, Астана – 2,1 трлн теңге, Шымкент – 1,8 трлн теңге, Жамбыл облысы – өсім 22%-дан жоғары, деп хабарлайды qandastar.kz.
Статистика – жай сандар емес, қоғамдағы сенім мен үрейдің айнасы. Қолма-қол ақша айналымының көбеюі көбіне мемлекеттік бақылаудың күшеюімен, цифрлық төлемдерге деген сенімнің төмендеуімен, және экономикалық тұрақсыздыққа байланысты психологиялық қорғаныс реакциясымен түсіндіріледі.
Қаржылық сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, мобильді аударымдарға бақылау күшейген соң, шағын бизнес пен жеке қызмет көрсетушілер қолма-қол есеп айырысуға көшкен. Әрбір аударым назарға алына бастаған.
Ал экономист Айгүл Әбілдаева «Бұл – уақытша құбылыс. Қоғам цифрлық теңгеге дайын болғанда, яғни сенім артқанда, жағдай өзгереді», – деп пікір білдірген.



