
Ақтөбе облысының Бесқоспа ауылында 22 жастағы келіншек зорлық-зомбылыққа ұшырады деген күдікпен 53 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды qandastar.kz
Оқиға 29 қазан күні болған. Полицияның хабарлауынша, күдікті — жәбірленушінің қайын атасы. Қылмыс кезінде келіншектің күйеуі үйде болмаған.
«Полиция Алға ауданының 22 жастағы тұрғынын зорлау фактісі бойынша күдіктіні ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмыстық істі жан-жақты әрі бейтарап тергеуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», — деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жәбірленушінің екі баласы бар: үлкені үш жаста, кенжесі қырқынан енді шыққан. Күдікті — енесінің екінші күйеуі, яғни күйеуінің туған әкесі емес. Дегенмен, отбасы бір шаңырақтың астында тұрған.
Қазіргі уақытта келіншек психологтардың бақылауында. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.



