Жаңалықтар

Билік дабыл қақты: Жітіқарада түлкілер адамдарға шабуылдап жатыр

Қостанай облысының Жітіқара қаласындағы жанармай құю бекетінде түлкі әйелге шабуыл жасады. Әйел жануарды телефонға түсірмек болған сәтте, түлкі агрессия танытып, тістеп алған. Оқиға сәті әлеуметтік желіге тарап, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырды, деп жазды qandastar.kz

Облыстық прокуратура мәліметінше, соңғы уақытта елді мекендерге жабайы аңдардың жиі келуі туралы шағымдар көбейген.
«Эталон» ЖШС аумағында болған оқиға кезінде әйел қауіпсіздік ережесін сақтамай, жануарға тым жақындаған. Осы сәтте түлкі шабуылдаған», — деп хабарлады ведомство.

Жәбірленуші аудандық ауруханада тексеруден өтіп, вакцина егілді. Оның жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

Қазір әкімдік, полиция, ветеринарлық қызмет және аңшылар қоғамы өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.
8 қарашадағы жағдай бойынша, өңірде осындай төрт дерек тіркелген. Барлық оқиға бақылауға алынған.

Мамандар тұрғындарға жабайы жануарларға жақындамауға және мұндай жағдай орын алса, 109 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button