
Олимпиада чемпионы, Қазақстанның 22 жасқа дейінгі ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев World Boxing турнирлеріндегі төрешілердің әділдігіне күмән келтірді, деп жазады qandastar.kz
Спорт маманының айтуынша, Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) World Boxing ұйымына өткеннен кейін де төрешілердің жұмыс сапасы мен шешім қабылдау жүйесінде айтарлықтай айырмашылық байқалмаған.
«Бәріміз IBA-ның әділетсіздігіне наразы болдық. Енді World Boxing келді, бірақ не өзгерді? Сол төрешілер, сол жүйе. Айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Тек IBA-да жүлде қоры жоғары болатын, ал ол спортшылар үшін үлкен ынталандыру. Ал World Boxing ұйымының басты артықшылығы төреліктің әділ болуында ғана. Егер бұл мәселе шешілмесе, онда біз тек “бордельдегі кереуеттердің орнын ауыстырғандай” ғана боламыз», – деп жазды Сәрсекбаев Instagram парақшасында.
Бақыт Сәрсекбаев бұрынғы ашық ұпай жүйесінің тиімділігін де атап өтті. Оның пікірінше, сол жүйе кезінде нәтиже айқын көрініп, бұрмалау қиындау болған.
«Бұрын ұпай санау жүйесі қарапайым еді: тигіздің – ұпай. Бұрмалаушылық аз болатын. Қазір төрешілердің бағасы субъективті: 9/10 деген сандармен бәрін шешеді, ал неге олай қойғанын ешкім түсіндірмейді. Сөйтіп, боксшының тағдыры төрешінің жеке пікіріне тәуелді болып қалды», – дейді ол.
Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында кәріс боксшысымен кездесуін мысалға алып, сол кездегі жүйе өзіне сенімді спортшыларға тиімді болғанын еске алды.
«Бейжіңде менің соққыларымды қарсыласқа жазып беріп отырды, бірақ біз тактиканы дұрыс таңдадық, сол арқылы жеңіске жеттік. Қазір технология дамыған заманда бұрынғы ашық ұпай жүйесін қайтару – әділдікті орнатудың бір жолы болар еді», – деп жазды бапкер.
Сәрсекбаевтың айтуынша, World Boxing ұйымы егер шынымен әлемдік сенімге ие болғысы келсе, әділ ұпай жүйесін қалпына келтіруі керек.
«Бұл Олимпиадалық бокс – кәсіпқой спорттан мүлде бөлек. Мұнда үш раундта бар шеберлігіңмен, дәл тиген соққылармен ғана жеңіс алынады. Сондықтан төрешілердің адалдығы – басты шарт. Екі ұйымның бақталастығы боксшыларға зиян тигізбеуі тиіс. Сонымен бірге өз төрешілеріміздің беделін арттыруға көңіл бөлген жөн. Мысалы, бізде 3 жұлдызды 50-ге жуық төреші бар, бірақ Ливерпульдегі немесе Әлем кубогындағы турнирлерге шақырылмайды. Неге? Бұл сұраққа жауап іздеуіміз керек», – деп түйіндеді Олимпиада чемпионы.



