
Белгілі адвокат Ләззат Ахатова әлеуметтік желіде депутаттың «тоқалды заңдастыру керек» деген пікірге байланысты жазба жариялап, өз тәжірибесінен мысал келтірді, деп жазды qandastar.kz
Адвокат бірнеше жыл бұрын Қызылордада болған даулы мұрагерлік іс туралы айтып өтті. Оның айтуынша, ірі кәсіпкер қайтыс болған соң заңды некедегі әйелі мен бес баласынан бөлек, кәсіпкердің басқа әйелден туған қызы да мұраға таласқан.
“Марқұмның заңды некедегі әйелі бес баламен қалды. Бірақ кейін кәсіпкердің басқа әйелден туған қызы бар екені анықталып, мұрагерлікке талас басталды”, – деп жазды Ахатова.
Адвокаттың сөзінше, бұл істің ерекше тұсы — некесіз баланың анасы сот саласында қызмет атқарған, тіпті аудандық соттың төрайымы болған. Ол қыз заңды некеден туғанымен, туу туралы куәлікте басқа ер адамның — қайтыс болған кәсіпкердің аты көрсетілген.
“Ал ол қыз бала заңды некеде туғанымен, оның әкесімен ажырасқан соң, жаңағы қайтыс болған кәсіпкердің өз келісімімен, соның атына жаздырылған. Марқұм ол баланы көзі тірісінде менің балам деп мойындаған”, – деді адвокат.
Ахатованың айтуынша, дәл осы даулы істі кезінде қазіргі депутат Абзал Құспанмен бірге жүргізген.
“Абзал мырзаны құрметтеймін. Кәсібилігіне еш дауым жоқ. Бірақ сол кезде біз заңды некедегі әйел мен балаларының құқығын қорғадық. Сондықтан қазір ‘тоқал институтын заңдастыру’ туралы айтылған пікір маған түсініксіздеу болды”, – деп жазды ол.
Адвокат жазбасында басты назарды балалардың құқығына аудару керектігін айтты.
“Айтайын дегенім – заңнамада ‘тоқалдан’ туған балалардың құқығы шектелмеген. Кімнен туса да, егер әкесі екені ресми расталса, ол баланың мұрагерлік құқығы бірдей”, – деді Ахатова.
Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда “тоқал институтын заңдастыру” бастамасына қатысты түрлі пікір туғызды.


