ЖаңалықтарСараптамаСаясат

Орта Азия АҚШ-пен жақындасса да Кремльден алыстай алмайды — сарапшы пікірі

Мәскеу Орта Азия елдері АҚШ-пен қаншалықты жақындасса да, Кремль олардың Ресейден толық алыстай алмайтынына сенімді, деп жазады qandastar.kz.

Ресей Мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин Уашингтонда өткен «Орта Азия – АҚШ» саммитінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Америкамен жасалған келісімдер мен миллиардтаған долларлық инвестициялар аймақ елдерінің Мәскеумен байланысына түбегейлі әсер етпейді:

«Ресей Батыс пен АҚШ-тың қысымында тұрған қазіргі жағдайда Орта Азия мен Қапқаздағы ықпалын сақтау үшін күресуге мәжбүр.

Арнайы әскери операция жалғасып жатқандықтан, біз бұл өңірде аса мұқият, байқатпай әрекет етеміз.

Дегенмен, аймақтағы беделіміз үшін барымызды салып күресуіміз керек. Арнайы операцияның сәтті аяқталуы біздің ықпалымызға жаңа серпін бермек. Ал оған дейін іштен, төзуге тура келеді», – дейді Затулин.

Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу мен Уашингтон арасындағы геосаяси текетірес күшейген сайын, Орта Азия елдерінің көпвекторлы саясаты да күрделене түсуде.

Аймақ үшін екі алыптың арасында теңгерімді сақтау – стратегиялық маңызды бағытқа айналып отыр.

Бұған дейін Ertenmedia Мәскеудің жақын уақытта көрші елдерге қысым көрсетуі мүмкін екенін жазған болатын.

Киевті үш күнде басып ала алмаған Кремльдің өзге елге ашық соғыс бастауға қауқары жетпейді, сол себепті астыртын тәсілдерге, яғни дезинформация, ішкі тұрақсыздық пен барлау әрекеттеріне жүгінуі ықтимал.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button