Астанада 8 қараша күні Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекен-жайындағы тұрғын үй кешенінде қасбеттің бір бөлігі мен салқындатқыш қондырғысы опырылып, бес адам жарақат алды. Солардың екеуі – кезекшілікте жүрген фельдшерлер екен, деп хабарлайды qandastar.kz.
Қазір олардың бірі ауыр халде жансақтау бөлімінде, екіншісі нейрохирургиялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Қалған үш зардап шегуші де ауруханада, жағдайлары тұрақты деп хабарланған.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелген, яғни фельдшерлердің жарақаты олардың қызметтік міндетін атқару кезінде болған.
Полиция оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған, ал еңбек инспекциясы мен басқа да тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр.
Қалалық билік пен төтенше жағдай қызметі апаттың себебін – ғимарат қасбетінің техникалық жағдайы мен құрылыс сапасына қатысты факторларды анықтап жатыр.



