Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСаясат

«Мәскеудегі саяси ишара»: Тоқаевқа көрсетілген құрметке депутат пікір білдірді

Ресей астанасы Мәскеуде өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы келіссөздерге байланысты қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Осыған орай Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза өз көзқарасын білдірді, деп жазады qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшылары арасындағы ресми кездесулерде қолданылатын дипломатиялық дәстүрлер мен протоколдық ілтипаттар — халықаралық саясаттың ажырамас бөлігі.

«Өткенде Ресей басшысы Владимир Путин Астанаға келгенде “Ваше превосходительство” деген сөз айтылған сәт қоғамда үлкен талқылауға себеп болды. Енді, міне, Мәскеудің төрінде біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дәл сондай құрмет көрсетіліп отыр. Бұл – өзара сыйластық пен тең дәрежедегі қарым-қатынастың белгісі», – деді Самат Нұртаза.

Оның пікірінше, кей азаматтар халықаралық протокол мен саяси реверанстардың мәнін дұрыс түсінбей, эмоциямен баға береді.

«Саясат – кішкентай сый-сыяпаттардан, көзге көрінбейтін ілтипаттардан тұратын нәзік сала. Әрбір осындай деталь миллиондаған қарапайым азаматтың өміріне әсер етеді. Сондықтан мұндай мәселелерге түсіністікпен қарау қажет», – деп атап өтті депутат.

Самат Нұртаза сондай-ақ елдің тұрақтылығы мен дамуы азаматтардың өз көшбасшысына деген сеніміне байланысты екенін айтты.

«Өз елінің басшысын қолдайтын ел ғана дамиды. Өз көшбасшысының тілеуін тілеген қоғам ғана тұрақтылық пен тыныштыққа қол жеткізеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеудегі келіссөздерде сәттілік тілеймін. Бұл кездесулер барша қазақстандықтардың мүддесіне тікелей әсер етеді», – деді халық қалаулысы.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button