БілімЖаңалықтар

Аймағамбетов оқушылар үшін Іnstagram мен TikTok-ты шектеуді ұсынды

Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов оқушылардың әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалануына назар аударып, Instagram мен TikTok-қа кіруге шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz.

Аймағамбетовтің айтуынша, балалар ерте жастан әлеуметтік желілерге тіркеліп, кез келген контентті көре алады. Тіпті мектеп сабақтары кезінде TikTok-та сағаттап отыратын жағдайлар жиі кездеседі.

«Қазақстандағы бірқатар алдыңғы қатарлы мектептер – NIS, БИЛ және “Дарын” – сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесінде оқушылардың сабаққа зейіні артты, бір-бірімен тілдесуі жиілеп, сабақтағы алаңдаушылық азайды», – деді депутат.

Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі балалардың телефон пайдалануына түбегейлі қарсы емес. Вице-министр Дмитрий Мунның айтуынша, басты мақсат – шектеу емес, саналы қолдануды үйрету.

«Белгілі бір контентті шектеу қажет, бірақ дамуды тежеуге болмайды. “Цифрлық кодексте” сабақ кезінде телефон ұстауға тыйым салу қарастырылмаған. Біздің ұстаным – жастарды гаджеттерден шеттетпей, оларды технология мен жасанды интеллектіні дұрыс және тиімді пайдалануға үйрету», – деді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button