Журналист және қоғам белсендісі Дина Елгезек қазіргі билік пен елдегі саяси жағдай туралы өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, қоғам шынайы реформаларды күтеді, бірақ жүйе әлі де ескі тәсілмен жұмыс істеп отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Дина Елгезек Тоқаев билігінің алты жылы – елді жаңартуға жеткілікті уақыт болғанын айтады. Алайда бұл кезеңде айтарлықтай өзгеріс болмағанына назар аударды.
«Алты жыл – саясаткер үшін аз уақыт емес. Егер шын мәніндегі реформалар жүргізілсе, азаматтық қоғам орнар еді. Керісінше, халықтың тұрмысы төмендеп барады, инфляция күшейді. Саяси репрессиялар да азайған жоқ. Билікке сын айтқан адамдардың көбі сот алдында тұр. Мұндай жағдайда демократиялық қоғам орнату мүмкін емес», – дейді ол.
Журналисттің пікірінше, қазіргі билікте бұрынғы жүйеден қалған адамдар басым. Олар ұзақ жылдар бойы автократиялық биліктің қалыптасуына өз үлесін қосқан.
«Билік құрылымында жемқорлыққа араласқан, бірақ орнында қалған тұлғалар көп. Олар отыз жылдан астам уақыт бойы елдің саяси және экономикалық жүйесін басқарып келді. Мұндай кадрлардан өзгеріс күту – бекер. Сондықтан қоғам билікті жаңартуды, яғни иллюстрация жасауды талап етіп отыр», – дейді Елгезек.
Ол сонымен қатар жаңа буыннан шыққан, білікті әрі адал мамандарды мемлекеттік қызметке тарту қажеттігін айтты.
«Елде мықты экономистер мен сарапшылар бар. Мысалы, Серік Бейсенбаев, Рахымбек Әбдірахманов, Шалқар Нұрсейіт, Досым Сатбаев сияқты азаматтар ел дамуына нақты үлес қоса алар еді. Осындай адамдар билікке келсе, қоғам сенімін қайта оятуға болады», – деді ол.
Дина Елгезектің пікірінше, қазіргі билік қоғамның шынайы сұранысын түсінбей отыр.
«Билікке барған адам халықтың өмірін жақсартуға емес, жүйеге бейімделуге тырысады. Ал бұл көзқарас өзгермейінше, ел де, саясат та ілгері жылжымайды», – деп қорытындылады ол.



