Үкімет зейнетақы жүйесін жаңғырту мақсатында жаңа ережелер қабылдады. Енді міндетті зейнетақы және кәсіби аударымдар тек жалдамалы жұмысшыларға ғана емес, өз бетінше жұмыс істейтін азаматтарға, жеке тәжірибесі бар тұлғаларға және онлайн-платформалар арқылы табыс табатындарға да қолданылады, деп жазады qandastar.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, жаңартылған нормалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Аударым ережелері өзгереді
Жаңа құжатқа сәйкес, міндетті кәсіби зейнетақы аударымдары (МКЗА) енді қызметкерлердің Салық кодексінде көрсетілген барлық айлық табыстарынан есептелмек.
Ал арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемді өздері есептеп, әр айдың 25-іне дейін аударуға міндетті.
Жеке тәжірибесі бар мамандар мен жеке кәсіпкерлер табыс көлемін өздері белгілейді. Бұл сома ең төменгі жалақының 50 есесінен аспауы тиіс, сондай-ақ Салық кодексі бойынша есептелген табыстан артық болмауы қажет.
Қарыз болса — шот бұғатталады
Егер азаматтың зейнетақы немесе кәсіби аударым бойынша қарызы алты айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып кетсе, салық органдары ескерту жібереді.
Қарыз 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, төлеушінің банктік шоттарындағы шығыс операциялары уақытша тоқтатылады. Бұл кезде тек салықтар мен әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар және басқа міндетті төлемдерді аударуға рұқсат етіледі.
Кімді қамтиды?
2026 жылдан бастап міндетті зейнетақы аударымдарын (МЗА) келесі азаматтар да төлеуге тиіс:
- жеке тәжірибесі бар тұлғалар;
- арнайы салық режимін қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
- интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істейтіндер.
Мұндай жағдайда операторлар төлем агенті рөлін атқарып, зейнетақы жарналарын автоматты түрде аударуға жауап береді.



