
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді, деп хабарлайды qandastar.kz
Сапар барысында Тоқаев Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарды ұйымдастыруға мұқият дайындалғаны үшін ризашылығын білдірді. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық ауқымы кең екені, барлық салада тығыз байланыс орнатылғаны атап өтілді.
– Сапарымыз биылғы ең айтулы оқиғалардың бірі болды. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беремін. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қоямыз. Сонымен қатар, білім саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді: Ресейдің 9 жоғары оқу орны Қазақстанда филиалдарын ашты, соның ішінде Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы құрылды. Бұл жастарымызға жаңа тарихи кезеңдегі ынтымақтастықты аманаттау үшін маңызды, – деді Тоқаев.
Ресей Президенті Владимир Путин екі ел арасындағы қарым-қатынастың нәтижелі екенін атап өтті.
– Қазақстанмен байланысымыз қарқынды дамып келеді. Сауда айналымы былтыр 27 миллиард доллардан асты, биылғы 9 айда 20 миллиард долларға жетті. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді Путин.
Кездесу барысында екі ел басшылары бірқатар меморандумдар әзірлегені, бұл байланысты жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаратындығы хабарланды.



