
Qazaqstan телеарнасындағы «1001 түн» бағдарламасының қонақтары — Özim қыздар тобының белсенділері Адалят Рахидинова мен Ақбота Орынбасарова болды. Эфир барысында олар топтың шығармашылық жоспарлары, шабыт көздері мен құндылықтары туралы айтып, көрермендерге өздерінің дебюттік туындысы — «Ban» трегін таныстырды, деп жазады qandastar.kz
Ән қазіргі таңда Apple Music, YouTube Music және басқа да барлық музыкалық платформаларда қолжетімді.
«Ban» — заманауи қоғамдағы әйел рөлінің трансформациясын бейнелейтін музыкалық манифест. Топ мүшелері бұл туынды арқылы заңдар мен қоғамдық сана әділеттілік пен теңдікке қарай бет алған елдің дамуына деген мақтанышын жеткізеді. Ән мәтінінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг және некеге (алып қашу) мәжбүрлеу секілді өзекті мәселелер қозғалып, осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге назар аударылады.
Электронды әуен, этникалық сарындар мен рэп элементтерін тоғыстырған бұл трек қазіргі қазақстандық әйелдің — өзіне сенімді, дербес әрі жасампаз бейнесін айшықтайды.
Бағдарламада өнер көрсеткен кезде Özim тобының орындаушылары «Ban» трегінің басты идеясы — жеке шекара, абырой және қауіпсіз өмір сүру құқығы туралы ашық айтатын жаңа буын әйелдерінің үнін жеткізу екенін атап өтті.



