Белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев енді көпшілік сүйіп тыңдайтын «Анашым» әнін орындамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы туындының авторы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтып берді, деп жазды qandastar.kz
Композитордың айтуынша, әннің ел арасында кеңінен таралуына Өнербаевтың орындауы әсер еткенімен, уақыт өте көпшілік оны тек орындаушымен байланыстырып кеткен.
«Нұрлан әнді жүрекпен жеткізді, өз дауысының бояуымен ерекшелендірді. Бірақ қазір жұрт “Анашым” десе, ең әуелі Нұрлан Өнербаевты атайды. Караокеде де тек оның есімі жазылады, ал авторлар жайлы еш мәлімет жоқ. Осыған байланысты марқұм ақын Қайрат Жұмағалиевтің қызы да хабарласып, әкесінің аты аталмайтынына реніш білдірді», – деді Марат Омаров.
Сондай-ақ ол бұл мәселенің бұрыннан өзге сазгерлер мен ақындарды да алаңдатып келгенін айтты.
«Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев кезінде де “Нұрлан әнді әдемі орындайды, бірақ авторлардың есімін атамайды” деп пікір білдірген. Осындай жағдай менің басқа әніме қатысты да болды – “Бауырды сағыну” әнін Ержан Белғозиев орындайды, бірақ көпшілік композитор кім екенін білмейді», – деді ол.
Марат Омаров авторлық құқық мәселесіне де тоқталып өтті.
«Қазір бұл өте өзекті тақырып. Ән иесінің еңбегі мойындалуы тиіс. Егер тараптар арасында жазбаша келісім болмаса, дау тумай қоймайды. Ал орындаушы авторды құрметтеп, ашық айтса – ешкім ренжімейді, бәрі әділ болады», – деп қорытындылады композитор.


