Жаңалықтар

Заңгер жауабы — Айгүл Орынбек арнайы қызметтің тергеуіне кедергі келтірді деп айыпталды

Шымкенттік блогер Айгүл Орынбек ҰҚК-ның күдігіне байланысты өз парақшасында мәлімдеме жасады, деп жазады qandastar.kz. Бұған дейін арнайы қызмет өкілдері оны тергеуге кедергі келтіру, тергеу деректерін жария ету және алаяқтық жасады деп күдіктеніп, істің материалдарын прокуратура мен полицияға жолдағаны хабарланған.

Тергеу нұсқасы бойынша, блогер бұрынғы Шымкент қалалық ҰҚК департаменті басшысының орынбасары Манат Сарбасовқа ақпараттық қолдау көрсетіп, куәгерлерге ықпал етуге тырысқан. Алайда Айгүл Орынбек бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзін қаралау науқаны жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Егер менде Сарбасовпен байланыс болса, әлдеқашан жауапқа тартар еді. ҰҚК мені тыңдап, тексерді, бірақ ешқандай дәлел табылмады. Мен әр уәжге айғақ, аудио-видео және құжатпен жауап бере аламын», – деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Сарбасовтың әйелі Динара 2024 жылдың ақпан айында журналист Тоқтар Жақаш арқылы көмек сұрап келген. «Сол кезде Сарбасовтың өзі қамауда болған, егер мен онымен байланыс орнатқан болсам, бәрі билинг арқылы анықталар еді», – деді ол.

Айгүл сондай-ақ өзін сынға алған журналист Михаил Козачковтың жазбаларына да жауап беріп, тергеу барысын бұрмалауға жол бермеу қажеттігін айтты.

Ресми органдар әзірге блогердің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button