ЖаңалықтарҚаржы және төлемдерЭкономика және бизнес

Министрлік дерегі: Қай салада кадр тапшы?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер тарапынан 132 мың бос жұмыс орны, ал ізденушілерден 114,1 мың түйіндеме орналастырылған, деп хабарлайды qandastar.kz

Министрліктің дерегіне сүйенсек, қазан айында жоғары біліктілік талап ететін мамандықтар арасында тәрбиешілерге (1,8 мың бос орын), бухгалтерлерге (1,1 мың) және математика пәні мұғалімдеріне (1 мың) сұраныс жоғары болды. Ал орта деңгейлі мамандардың ішінде қазандық операторлары (6,9 мың), егін өсірушілер (2,2 мың) және медбикелер (1,9 мың) ең қажет мамандар қатарына енді.

Жұмыс іздеушілер жағынан да осыған ұқсас үрдіс байқалды. Ең көп түйіндемелер бухгалтер (2,2 мың), заңгер (1,6 мың) және тәрбиеші (1,6 мың) мамандықтарына жолданған. Орта буын мамандары арасында қазандық операторлары (3,7 мың), медбикелер (1,9 мың) және автокөлік жүргізушілері (1,6 мың) көп тіркелген.

Ең жоғары ұсынылған жалақы мөлшері өндіріс бастығының орынбасарына (1 млн теңге), компьютерлік ойындар дизайнеріне (990 мың теңге) және омбудсмен қызметіне (990 мың теңге) тиесілі болды. Ал жалақыға деген ең жоғары үміт коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы (2,8 млн теңге), өрт сөндіру саласындағы кенші (2 млн теңге) және басқарма төрағасының орынбасары (1,8 млн теңге) мамандықтарында байқалған.

Министрлік атап өткендей, жалақы бойынша ұсыныстар мен үміт арасындағы айырмашылық басқарушылық және техникалық салаларда әлі де байқалады. Дегенмен, жалпы алғанда, еңбек нарығы тұрақтылығын сақтап отыр. Сұраныс пен ұсыныс өңірлер мен біліктілік деңгейлері бойынша теңдей бөлінген. Әлеуметтік бағыттағы салалар — білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету  — жұмыспен қамтудың негізгі бағыты болып қала беруде.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button