Бас мүфти Наурызбай Өтпеновке қатысты қажылық квоталарын бөлу төңірегінде жаңа күдік пайда болды, деп хабарлайды Qandastar.kz
Журналист Ораз Әлімбековтің айтуынша, ҚМДБ қажылық визаларын үлестіруді монополиялап алған. 2026 жылға Қазақстанға берілген 3750 квота 14 турфирмаға бөлінген. Ең көп квотаны мүфтияттың өзі — «Тауаф Травел» (400) және Кеңес Ракишевтің «Hickmet travel» компаниясы (400) алған.
Соған қарамастан «Hickmet travel» қосымша кемі 700 квота сұрап, Бас мүфтиге жеке өтініш жасағаны айтылады. Осы себепті Наурызбай Өтпенов Сауд Арабиясына шұғыл ұшқан. ҚМДБ «4000 квота алдық» деп хабарлағанымен, дереккөз мүфтидің шын мәнінде дәл сол сұралған 700 квотаны алған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Дереккөздің сөзіне қарағанда, кейбір қазақстандық фирмалар қажылық визаларын электронды базада өзгертіп, Өзбекстан азаматтарына — 5 мың долларға сатып келген.
Осы жайтқа байланысты биыл үш фирма тізімнен шығарылғанымен, «Hickmet travel» мен «Nurhan travel»-ге Мүфтият шара қолданбағаны айтылады.
ҚМДБ әр қажыдан 100 доллар жарна алады. 200 адам апарған фирма мүфтиятқа 20 мың доллар береді.
Қарапайым турфирмалар пакет құнын 7–8 мың доллар шамасында белгілесе, «Hickmet travel» Air Astana-мен келісім арқасында «VIP» және «Premium» пакеттерін ондаған мың долларға сатады. Кей пікірлер бойынша, мүфтият басшылығы осы компаниялармен жасырын ынтымақтастықта болған болуы мүмкін.
Бас мүфтидің шұғыл сапары да дәл осы қосымша квоталарды алу әрекетімен байланысты болуы ықтимал деген күдік көтерілуде.



